Алматы облысында Шерзат Полаттың отбасына тиесілі үйдегі өртке қатысты қылмыстық іс уақытша тоқтатылды, деп жазады ZontNews.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Облыстық прокуратура мәліметінше, Қаржаубай Нұрымовтың үйінде болған өртке қатысты қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеу мерзімі Қылмыстық-процестік кодекстің 45-бабы 7-бөлігінің 5-тармағына сәйкес тоқтатылған. Бұл шешім құқықтық көмек көрсету аясында процессуалдық әрекеттерді орындауға байланысты қабылданған.
2024 жылғы 4 қазанда Талғардағы дүкендердің бірінің жанында болған төбелес кезінде 16 жастағы Шерзат Полат пышақ жарақатынан қаза тапты. Тағы екі адам ауыр жараланды.
Араға бір апта салып, 12 қазанда Еңбекшіқазақ ауданының Азат ауылында марқұмның отбасына тиесілі үй өртенді. Полиция бұл оқиға бойынша бөтеннің мүлкін қасақана жою бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
2024 жылғы 9 желтоқсанда Талғар маңында марқұмның ағасының мәйіті табылды. 2025 жылғы 5 маусымда сот осы қылмыстық істерге қатысты үкім шығарды.
Бұған дейін Алматы облысында Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты тергеу тоқтатылғаны хабарланған. Ішкі істер министрі биыл маусым айында Шерзат Полаттың отбасына тиесілі үйдің өртелуіне байланысты тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеген болатын.