Марқұм жасөспірім Шерзат Полаттың отбасы жаңа үйге қоныстанды. Бұл туралы отбасының адвокаты Мейірман Шекеев хабарлады, деп жазады ZontNews.kz.
Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында отбасыны жаңа баспанамен құттықтап, бейнежазба жариялады.
Адвокаттың айтуынша, баспана Асқар мен Асхат есімді ағайындардың демеушілігімен, Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен және қарапайым азаматтардың көмегімен берілген.
Еске салайық, Шерзат Полат 2024 жылдың 4 қазанында Талғар қаласында болған төбелес кезінде көз жұмған. Бір аптадан соң, 12 қазанға қараған түні, белгісіз адамдар оның отбасының үйін өртеген. Арада бір жыл өтсе де, өртке қатысы бар күдіктілер әлі анықталған жоқ.

