Әлемге танымал әнші Шакираның Қазақстанда өнер көрсету мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы «Астана Концерт» компаниясының продюсері Малик Хасенов мәлімдеді, деп жазады ZontNews.kz.
Продюсердің бұл пікірі блогер Камиль Байрамовтың парақшасында жарияланған видеосұхбат кезінде айтылды. Сұхбат барысында блогер Хасеновке Дженнифер Лопестен кейін Қазақстанға Шакираны шақыруды ұсынды.
«Кішкене құпияны ашайын: біз шын мәнінде оның өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Егер бәрі ойдағыдай өтсе, күзге қарай нақты уағдаластыққа келеміз. Жаңалықтардан көз жазбаңыздар», — деді Малик Хасенов.
Еске сала кетейік, 1 тамызда Астанада Дженнифер Лопестің концерті өтті. Концертке 10 мыңнан астам турист келген. Ұйымдастырушылардың есебінше, шараның экономикалық әсері шамамен 400 миллион теңгені құрады. Әншінің келесі концерті 10 тамызда Алматыда өтеді.