Жамбыл облысында екі адамның өмірін қиған жол апатына байланысты спортшы Шавкат Рахмоновтың жұбайы куә ретінде жауап берді, деп жазады ZontNews.kz.
Облыстық полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, оқиғаның толық бейнесін анықтау үшін барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Аталған азаматша қорғану құқығы бар куә ретінде жауап берді. Қазіргі таңда ол Алматы қаласындағы ауруханада ем алып жатыр. Тергеу шараларының қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама аясында процессуалдық шешім қабылданады», – деп мәлімдеді департамент.
Жол апаты 27 шілде күні Алматы – Екатеринбург тас жолының 299-шақырымында тіркелген. Полицияның хабарлауынша, Toyota Land Cruiser 200 көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Салдарынан екі адам көз жұмды. Шавкат Рахмоновтың жұбайы мен ұлы ауруханаға жеткізілді, бірақ келесі күні облыстық ауруханадан шығып, Алматыға жөнелтілген.
Полицияға берген жазбаша түсіндірмесінде Гүлайым Рахмонова апат кезінде көлікті өзі емес, оқиға орнында қаза тапқан құрбыларының бірі басқарғанын айтқан. Оның айтуынша, апат алдында олар жүргізушіні ауыстырған, себебі өзі шаршаған.
Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің «Жол жүру ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне алып келу» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Егер кінәсі дәлелденсе, айыпты адам 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде көлікті Гүлайым Рахмонованың өзі басқарғаны, жолаушылар қатарында оның ұлы мен құрбылары болғаны туралы ақпарат тараған еді.