ХАМАС Израильмен соғыстың аяқталғанын мәлімдеді. Ұйымның келіссөздер жөніндегі жетекшісі Халиль әл-Хайяның айтуынша, АҚШ пен араағайын елдер бірінші кезеңдегі келісімнің «Газадағы соғысты толық тоқтату» екенін растаған, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Бұған дейін бұл ақпаратты алғаш рет Дональд Трамп жариялаған еді. Кейін оны ХАМАС өкілдері де ресми түрде растады.
Al Jazeera дерегінше, келісімнің алғашқы бөлігі тұтқын алмасуды және Израиль күштерінің Газадан шығарылуын қарастырады. Келісім бойынша Израиль өмір бойына сотталған 250 палестинді және қақтығыс басталғалы ұсталған 1700 газалықты босатуға келіскен.
Әл-Хайяның сөзінше, «бұл бітім ұзақмерзімді тыныштық орнатып, гуманитарлық көмектің жеткізілуіне және Мысырмен шекара өткелінің қайта ашылуына жол ашады».
Дональд Трамп бейбіт жоспардың келесі кезеңдері талқыланып жатқанын айтты. Сондай-ақ ол «келісімнің ресми рәсіміне қатысу үшін Мысырға баруды жоспарлап отырғанын» жеткізді.