Франция парламенті премьер-министр Франсуа Байруға сенімсіздік білдірді. Енді ол отставкаға өтініш беруге міндетті, деп жазады ZontNews.kz.
Дауыс беру нәтижесінде 364 депутат отставканы қолдады, 194-і үкіметті жақтады. Бұл – биылғы жылы екінші рет елде жаңа кабинетсіз қалған жағдай.
France Inter дерегінше, Байру 9 қыркүйек күні таңертең отставкаға өтініш береді. Президент Эммануэль Макрон оны қабылдап, алдағы күндері жаңа премьерді тағайындайды.
Франсуа Байру 2024 жылдың желтоқсанында Мишель Барнье қызметінен кеткеннен кейін премьер болды. Ол мемлекеттік шығыстарды 2026 жылы қысқартуды (қорғаныс саласын қоспағанда) ұсынды және екі мерекелік күнді алып тастауды қарастырды. Бұл бастамалар көпшіліктің қолдауына ие болмай, наразылықтарға түрткі болды.
Ал Байруға дейін премьер болған Мишель Барнье 2024 жылдың қыркүйегінен бастап небәрі үш ай ғана қызмет етіп, мемлекеттік медициналық сақтандыру бюджетіне қатысты дау-дамайдан кейін орнын босатқан.
Айта кетерлігі, Байру үкіметіне сенім мәселесін дауысқа өзі қойды. Бірақ оппозиция мен социалистер қарсы шықты. Премьер мемлекеттік қарыздың өсуін тоқтатудың маңызын айтқанымен, бұл оның кабинетіне сенім сақтап қала алмады.
«Еліміз жұмыс істеп жатыр, өзін байып келеді деп ойлайды. Бірақ жыл өткен сайын кедейленуде. Бұл – көзге көрінбейтін, ауыр қансырау», – деді ол мемлекеттік қарыз бойынша төлемдерге қатысты.
Қазір оңшылдар мерзімінен бұрын парламент сайлауын талап етсе, солшыл «Бағынбас Франция» қозғалысы президенттің отставкасын сұрап отыр.
Франсуа Байру 2002, 2007 және 2012 жылдары Франция президенттігіне үміткер болған.