Филиппиннің Давао порты маңында қуаты 7,6 балл болатын жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Дүмпу эпицентрі теңіз түбінен шамамен 58 шақырым тереңдікте орналасқан. Филиппиннің вулканология және сейсмология институты Шығыс Давао, Шығыс Самар, Оңтүстік Лейте және Солтүстік Суригао провинцияларында цунами қаупі бар екенін мәлімдеді.
Мекеме жағалау маңындағы тұрғындарға биіктігі 1–3 метрге дейін жетуі мүмкін толқындар туралы ескерту жасады.
Президент Фердинанд Маркос кіші оңтүстік аймақтардағы халықты шұғыл эвакуациялауды тапсырды.
«Біз жағдайды мұқият бақылап отырмыз. Азаматтық қорғаныс қызметі, қарулы күштер мен жағалау күзеті тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруді бастады. Іздестіру-құтқару және алғашқы көмек көрсету жұмыстары жүріп жатыр», — деді мемлекет басшысы.
Құтқару қызметі әзірге қираулар мен зардап шеккендер туралы нақты ақпарат түспегенін хабарлады.