Усман Дембеле «Алтын доп» иегері атанды

Фото: France Football

Франция құрамасы мен «Париж Сен-Жермен» клубының шабуылшысы Усман Дембеле 2024–2025 жылғы маусымның басты марапаты – «Алтын допты» иеленді, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Марапаттау рәсімінде ең көп дауыс жинаған үш футболшы анықталды: Рафинья (Бразилия, «Барселона»), Усман Дембеле (Франция, «ПСЖ») және Ламин Ямаль (Испания, «Барселона»).

Дембеле кәсіби мансабын Франциядағы «Ренн» клубынан бастап, кейін «Боруссия» (Дортмунд) және «Барселонада» жалғастырды. 2023 жылы ол 50 миллион еуроға «ПСЖ» сапына ауысты. Марапатты оған аңызға айналған бразилиялық футболшы Рональдиньо табыс етті. Дембеле – 2018 жылғы әлем чемпионы. 2022 жылы Франция құрамасымен финалға шыққанымен, Лионель Месси бастаған Аргентинаға жол берді. Биылғы маусымда ол Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанып, Франция чемпионаты мен кубогын қатар ұтып алды.

Айта кетейік, 2021 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы Астанада Францияға қарсы ойнап, 0:2 есебімен жеңілді. Сол ойында Усман Дембеле бір гол соқты. Қарымта матчта Қазақстан 8:0 есебімен ірі жеңіліске ұшырады.

Испания және «Барселона» шабуылшысы, 18 жастағы Ламин Ямаль «Жылдың үздік жас ойыншысы» атанды. Әйелдер арасындағы осы атақты Испания мен «Барселона» ойыншысы Вики Лопес иеленді. Жеңімпаздарды «Реал Мадрид» пен «Манчестер Юнайтедтің» бұрынғы қорғаушысы Рафаэль Варан жариялады.

Әйелдер арасындағы «Жылдың үздік бапкері» атағын Сарина Вигман алса, ерлер арасында бұл марапат Чемпиондар лигасының биылғы жеңімпазы Луис Энрикеге берілді. Алайда Энрике марапаттау рәсіміне қатыса алмады. Себебі дәл сол күні Франция чемпионаты аясында «ПСЖ» мен «Марсель» арасындағы матч өтті.

«Жылдың үздік қақпашысы» атағын ерлер арасында былтыр «ПСЖ»-мен Чемпиондар лигасын ұтып, биыл «Манчестер Сити» сапында ойнап жүрген Джанлуиджи Доннарумма алды. Әйелдер арасындағы үздік қақпашы – «Челсидің» ойыншысы Ханна Хэмптон. Марапаттарды аңызға айналған қақпашы Джанлуиджи Буффон табыс етті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *