Түркістан облысында оқушысына жыныстық емеурін көрсеткен 38 жастағы дене шынықтыру мұғаліміне үкім шықты, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Тергеу мәліметінше, ер адам сегізінші сынып оқушысын айдалаға апарып, оны қорламақ болған. Қыз қашып үлгерген. Оқушы қыз болған оқиғаны туыстарына айтып берген. Жәбірленуші тарап полицияға жүгінді.
Сотта мұғалім кінәні мойындамады. Алайда тергеу мәліметтері бойынша ер адамның кінәсі толық дәлелденді.
«Ол қызды кездесуге өзі шақырды. Біз барлық қоңырауларды зерттедік. Сонымен қатар ер адам қызды құшақтап, денесіне қол тигізіп, басқа да әдепсіз әрекеттер жасаған», — деді Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ғани Құлдасов.
Сот ер адамды кінәлі деп тауып, оны 12 жыл алты айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, оған білім беру саласында жұмыс істеуге біржола тыйым салынды. Сотталушы — бес баланың әкесі. Мектепте 16 жыл жұмыс істеген. Соттың соңғы отырысына оның туыстары да, отбасы да келмеді.