Түркістанда әкесін ұрып өлтірген ер адамның ісіне байланысты оның әйелі де қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр, деп жазады ZontNews.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде қарияның соққыға жығылған сәті түсірілген бейнежазба тараған. Кадрларда беті қанды ақсақал орнынан тұра алмай қалғаны, ал күдікті ер адамның әйелін шақырып, екеуінің бірге қартты сүйреп бара жатқаны көрінеді.
Тексеру барысында бейнежазбадағы адамның Түркістан облысының тұрғыны екені, ал соққыға жығылған адамның оның әкесі екені анықталды. Келіні қарияға көмек көрсетпеген. Жантүршігерлік оқиғаны көрші жасырын түсіріп, жариялаған.
Қарт кісі қайтыс болғаннан кейін ұлына қатысты Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі бойынша «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, жәбірленушінің өліміне әкеп соғу» дерегімен іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Әйеліне қатысты да тергеу басталды. Қылмыстық іс ҚК-нің 109-1-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша «дәрменсіз немесе тәуелді адамға күш қолдану» дерегімен тіркелген.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізіледі. Нәтижесінде тиісті процессуалдық шешім қабылданады. Тергеу кезінде арыздағы барлық уәждер тексеріліп, аяқталған соң қылмыстық процеске қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», – деді Түркістан облыстық полиция департаменті.
Полиция зейнеткер қайтыс болмай тұрып, ешкім бұл жағдай туралы хабарламағанын да атап өтті.