Түркиядан экстрадицияланған бұрынғы полицей Өскеменде қамауда қайтыс болды

Фото: Видеодан кадр

Түркиядан үш апта бұрын экстрадицияланған бұрынғы полиция қызметкері Ғолжас Оразғали Өскемендегі тергеу изоляторында көз жұмды, деп жазады ZontNews.kz.

Марқұмның өлімі туралы хабарды жергілікті «Репортёр» арнасы таратқан. Кейінірек бұл ақпаратты Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті растады. Ведомствоның мәліметінше, Оразғали изоляторда жүрген кезінде өзін жайсыз сезініп, ауруханаға жеткізілген. Бірнеше күннен соң сол жерде қайтыс болған.

«Алдын ала дерек бойынша, өлім себебі – екіжақты тромбоэмболия. Факт бойынша тексеру басталды», – делінген департаменттің ресми жауабында.

Ғолжас Оразғали халықаралық қылмыстық топ құрамында болып, заңсыз казино бизнесін қорғаған деген күдікке ілінген. Бас прокуратура дерегіне сай, ол 2015–2016 жылдары Шығыс Қазақстан облысында лауазымды қызмет атқарып, жүйелі түрде пара алып келген.

Оразғали жеті жыл бойы іздеуде жүрген. 2024 жылы қаңтарда оны Түркияның Измир қаласында ұстаған. Бір жарым жылдан кейін Қазақстанға экстрадицияланған. Оған 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы сұралған.

Қылмыстық топтың өзге мүшелері бұған дейін сотталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *