АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп мұнай бағасы тағы 10 долларға арзандаса, Ресей Украинадағы әскери әрекеттерін тоқтатуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп жазады ZontNews.kz.
«Егер мұнай бағасы барреліне тағы 10 долларға төмендесе, Путин соғысты тоқтатып, шабуылды доғарады», – деді Трамп.
Оның айтуынша, «Ресей экономикасы қиын жағдайда» және «президенттің басқа амалы қалмайды».
Апта басынан бері Brent маркалы мұнай бағасы 71–72 доллардан 68 доллардан төмен деңгейге дейін төмендеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіске бірнеше фактор ықпал еткен:
- OПЕК+ елдерінің қыркүйектен бастап мұнай өндіру көлемін арттыру туралы шешімі;
- British Petroleum компаниясының Бразилияда соңғы 25 жылдағы ең ірі мұнай-газ кен орнын ашуы;
- Үндістан мен Қытайдың АҚШ пен ЕО тарапынан жасалып жатқан қысымға қарамастан, ресейлік мұнайды сатып алуды жалғастыруға ниетті болуы.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, шілде айында Ресейдің мұнай-газ кірісі 27 пайызға азайып, 787,3 миллиард рубльді құраған. Бұл көрсеткіш Urals маркалы мұнайдың арзандауы мен рубль бағамының нығаюымен байланысты.
Экономистердің пікірінше, мұнай бағасының әрі қарай төмендеуі Ресейдің соғысты жалғастыру мүмкіндіктерін шектеуі мүмкін.
Бұған дейін Трамп Қазақстан мен бірқатар елдерге қатысты жаңа кедендік баж салығын енгізу туралы шешім қабылдаған. Ақ үй жариялаған құжатқа сәйкес, тариф мөлшері елге қарай 10 пайыздан 41 пайызға дейін өзгереді. Қазақстанға 25 пайыздық тариф бекітілген. Еуропа одағы, Жапония және Оңтүстік Корея үшін – қосымша 15 пайыздық үстеме белгіленген. Тізімге енбеген елдер үшін бірыңғай 10 пайыздық тариф қарастырылған.