Тоқаев пен Путин телефон арқылы сөйлесіп, Украинадағы соғысты талқылады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, деп жазады ZontNews.kz.

Әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, соның ішінде бірлескен экономикалық жобаларды жүзеге асыру мәселесі қарастырылды. Мемлекет басшылары алдағы кездесу кестесін де талқылады.

Сондай-ақ халықаралық мәселелерге ерекше назар аударылды. Владимир Путин АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен Мәскеуде өткен соңғы кездесу қорытындысы туралы Тоқаевқа мәлімет берді.

АҚШ дипломатының сапары президент Дональд Трамптың Ресейге Украинадағы қақтығыс бойынша 8 тамызға дейін бітімге келу талабымен тұспа-тұс келді.

Стив Уиткофф Мәскеуге осы мерзімнің қарсаңында келіп, сәрсенбі күні Кремльде Владимир Путинмен үш сағатқа созылған кездесу өткізді. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, кездесуде «АҚШ-тың Украинаға қатысты бірқатар ұстанымдары» айтылып, Мәскеу де өз көзқарасын білдірген.

Бұл — Стив Уиткоффтың Ресей астанасына жасаған бесінші сапары. Бұған дейін ол Владимир Путинмен сәуір айында кездескен.

Кремльдің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев берілген ақпарат үшін алғыс білдіріп, «қақтығысты бейбіт жолмен шешуге бағытталған әрекеттерді» қолдаған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *