Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллмен кездесті, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Патриарх Кирилл Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне қатысу үшін Астанаға келді.
Кездесу барысында президент Тоқаев бұл кездесудің Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге үлес қосатынын атап өтті.
«Ең алдымен, съезд өтіп жатқан күндері біздің арамызда болғаныңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздің қатысуыңыз форумның табысты өтуіне айрықша рөл атқаруда. Біз сізге құрметпен қараймыз. Қазақстан мен Ресей стратегиялық серіктес әрі одақтас елдер екенін білесіз», – деді мемлекет басшысы.
Патриарх Кирилл Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы қабылдағаны үшін алғыс айтып, Ресей православ шіркеуінің миссиясы адамдар арасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталғанын айтты.
«Сіздің қасиетті еліңізге келген сайын ерекше жағымды әсер аламын. Қазақстан – достас мемлекет. Біз ғасырлар бойы бірге өмір сүрдік. Қазір мемлекеттеріміз бөлек болғанымен, достық пен өзара қолдау сақталып отыр», – деді Мәскеу патриархатының басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі халық арасындағы рухани байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін және құрмет белгісі ретінде Патриарх Кириллді «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.
Айта кетсек, бүгін Астанада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінде сөз сөйлеп, қазіргі күрделі геосаяси жағдай мен ядролық қақтығыс қаупі туралы пікір білдірді.