Тоқаев «Бағанашыл» мәселесіне араласты: балалар Алматыда қалады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы «Баганашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа көшіру жөніндегі дауға араласып, балалардың қалада қалуын тапсырды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.

Оның айтуынша, Президент ахуалмен танысқаннан кейін Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға бірқатар тапсырма берілген.

«Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаев қаласына көшіруге байланысты жағдаймен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және аталған нысанды қаланың балансына алуды тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар үйі көшірілмейді», — деп жазды Руслан Желдібай.

Президент Әкімшілігі аталған жағдай бойынша қызметтік тексеріс жүргізетін болды.

«Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заң шеңберіндегі барлық құқығы толық сақталады.», — деді Президенттің баспасөз хатшысы.

Еске салсақ, 2025 жылғы 21 шілдеде «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері мекемеден өз еркімен шығуға мәжбүр болды. Бұл жағдай барысында балалар жылап, кейбіреулері есінен танып қалды. Оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция шақырылды.

Алматы қаласы әкімдігі бұған дейін мекеме ғимаратының апатты жағдайына байланысты балаларды Қонаевқа көшіру туралы шешім қабылданғанын хабарлаған болатын.

Алайда қоғам белсенділері мен балалар бұл шешімге қарсы шықты. Олар балалар үйі орналасқан Бағанашыл ықшам ауданындағы жер телімі құрылыс компанияларының назарына іліккенін айтып, бұл жерге тұрғын үй кешені салынуы мүмкін екенін мәлімдеді. Балалар да өз үнін жеткізу үшін видеоүндеу жасап, Қонаевқа көшпеуге шақырды.

Наурыз айында Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері көшіруге қарсы екенін алғаш болып жариялады. Сол кезде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев балалардың қаладан шығарылмайтынын мәлімдеген еді.

Алайда 11 шілдеде Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мекемені көшіру туралы бұйрықтың жарияланғанына алаңдаушылық білдірді. Ол наурызда билік балаларды Алматыдан көшірмейтінін уәде еткенін еске салды.

Кейінірек, осыған қарамастан, тәрбиеленушілердің Қонаевқа көшіріліп жатқаны белгілі болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *