Тимур Құлыбаевтың Атыраудағы 250 млн теңгенің жері тәркіленді

Атырау облысында жалпы құны шамамен 250 миллион теңге тұратын, аумағы 3,46 гектар жер телімі мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы ZontNews.kz ATYRAU ONLINE Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Аталған жер учаскесі «Кипрос» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігінде болған. Ашық дереккөздерде бұл компанияның белгілі кәсіпкер Тимур Құлыбаевпен байланысы бар екені көрсетілген.

Жағалау аймағында орналасқан жер бастапқыда пирс салуға арналған. Алайда ол ұзақ уақыт бойы игерілмеген. Учаске прокуратураның тексерісі мен сот шешімінің нәтижесінде мемлекет меншігіне қайтарылды.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, пайдаланылмай жатқан жер телімдерін қайтару — жер қатынастары саласындағы заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі», — деп мәлімдеді облыстық прокуратура.

Ведомствоның мәліметінше, бұған дейін де бірнеше жер телімі қатысы бар компаниялардың атына тіркеліп, ұзақ уақыт бойы мақсатсыз қолданылып келген.

«Жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі прокуратураның тұрақты бақылауында», — деді мекеме өкілдері.

Мұндай жағдай бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Соңғы жылдары ықпалды тұлғалардың бақылауындағы активтер мен жер телімдерін мемлекетке қайтару шаралары жиілей түсті. Бұл үдеріс биліктің бұған дейін жиналған мүліктерді қайта қарау және түгендеу саясатына сай жүргізіліп келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *