Тараз қаласындағы тергеу изоляторында 73 жастағы Талғат Телеуов дүниеден өтті. Ол мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкеріне пара беруге әрекеттенді деп айыпталып, 9 жылға сотталған еді, деп жазады ZontNews.kz.
Қайтыс болған сәтте оның апелляциялық шағымы қаралып жатқан.
Адвокат Қасымхан Ұлықбековтің айтуынша, зейнеткер жүрек-қан тамыр ауруларымен ауырған, екінші топтағы мүгедек ретінде тіркелген. Ұстау кезінде оған жедел жәрдем шамамен 30 рет шақыртылған. Бірде облыстық ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Жүрегінде кардиостимулятор болғанын растайтын медициналық құжаттар сотқа жолданған.
«Денсаулығы ауыр екенін дәлелдейтін анықтамалар ұсынылса да, оны бостандыққа шығару туралы өтініш бір айға жуық қаралмады. Осы уақыттың бәрінде ол тергеу изоляторында ауыр жағдайда жатқан», — деді адвокат.
2023 жылы Мерке кентінде екі миллион қорап контрабандалық темекі тәркіленген. Заң бойынша бұл өнім жойылуы тиіс еді. Алайда 2024 жылдың басында Телеуов бұл туралы біліп, темекіні заңсыз иеленіп, сатпақ болған. Ол бұл іске күйеу баласы Элимхан Мұрадов пен мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері Сәкен Үкімбаевты тартқан. Олар тәркіленген темекіні алу үшін Жәнібек Қуанышев есімді қызметкерге пара беруге әрекеттенген.
21 наурызда Телеуов Тараздағы «Қарахан Халал» дәмханасының маңында Қуанышевқа көлік ішінде 200 мың АҚШ долларын тапсырған. Қуанышев бұл уақытта Антикор қызметімен бірлесіп жұмыс істегендіктен, сол түні «Газель» көлігіне темекіні тиеу кезінде барлығы ұсталды.
Алғашқы сот Телеуовті кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырған. Алайда апелляциялық шағым қаралып жатқан кезде, ол тергеу изоляторында қайтыс болды.
Адвокаттың айтуынша, 29 шілдеде оның жағдайы тағы күрт нашарлаған. Ауруханаға жеткізілгенімен, белгісіз себептермен жатқызудан бас тартылған. Келесі күні апелляциялық сот отырысы өтіп, прокуратура бұлтартпау шарасын өзгертуге қарсы шықты. Сот өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.