Соңғы бес жылда елдегі ажырасу саны шамамен 16 пайызға азайды. 2020 жылы 48,2 мың болса, 2024 жылы 40,5 мың жағдай тіркелді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева отбасы күнімен құттықтау сөзінде осы мәліметті жариялады.
Оның айтуынша, мұндай нәтижеге арнайы жобалардың жұмысы да ықпал етіп отыр. Солардың бірі – кәмелетке толмағандарға қатысты істерді қарайтын соттардың жанында жұмыс істейтін жоба. Онда ерлі-зайыптыларға психологтар, заңгерлер және медиаторлар көмектеседі. 2024 жылы неке бұзу жөніндегі істердің 37,5 пайызы татуласумен аяқталды. Бұл көрсеткіш 2023 жылғы 33,1 пайызбен салыстырғанда өсті.
«Азаматтарға қолдау көрсетуде Отбасыны қолдау орталықтары елеулі үлес қосуда. Бүгінде елде 131 орталық жұмыс істеп тұр», – деді ол.
Сонымен қатар, 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда некені бұзу рәсіміне қатысты жаңа ережелер күшіне енеді. Өзгерістер некені бір жақты тәртіппен бұзу рәсімін жеңілдетеді.
Бұған дейін депутат Берік Бейсенғалиев Қазақстанда ажырасу құнын 20 есе арттыруды ұсынған. Ал Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров ажырасқан азаматтарға салықты көбейтуді шақырған болатын.