Сенат «Жасанды интеллект туралы» және «Жасанды интеллект пен цифрландыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын түзетулермен Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер де екі оқылымда қаралып, сенаторлардың ұсыныстарымен мәжіліске жолданды.
Дегенмен, заң жобаларындағы негізгі нормалардың басым бөлігін Сенат қолдады. Құжат жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуді көздейді және заңнамада жаңа ұғымдарды бекітеді: «жасанды интеллект», «деректер кітапханасы», «жасанды интеллект жүйелерінің синтетикалық нәтижелері» және басқа да терминдер.
Заң нормалары жасанды интеллектіні экономика, денсаулық сақтау, білім беру және мемлекеттік басқару сияқты салаларға енгізуге жағдай жасауды мақсат етеді. Құжат адамның құқықтары мен бостандықтарын бұзуға әкелетін жүйелерді жасауға тыйым салады. Оған манипуляция, кемсітушілік және келісімсіз биометриялық деректерді жинау сияқты әрекеттер жатады.
Медиа саласында жасанды интеллект көмегімен жасалған контент таратылған жағдайда, автор материалдың ИИ арқылы әзірленгенін көрсетуге міндетті.
Сенаторлар заң жобаларына 13 түзету енгізді.
Депутат Бабагүл Аққожинаның айтуынша, олардың бірі сақтандыру жүйесіне қатысты. «Бұрын тек ерікті сақтандыру қарастырылса, енді жасанды интеллект жүйелерінен келуі мүмкін зиян үшін міндетті сақтандыру енгізіледі», деді ол.
Сонымен қатар сенаторлар авторлық құқыққа қатысты түзету енгізуді ұсынды. Жасанды интеллект көмегімен жасалған туынды тек адам тарапынан шығармашылық үлес болған жағдайда ғана авторлық құқық нысаны ретінде танылады. Ал ИИ иелері мен пайдаланушылары жеке тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында ықтимал зиянды тек азайту емес, оның алдын алу шараларын да қабылдауға міндетті.
Сенаторлар енгізген түзетулер Мәжілісте қайта қаралады.
Пленарлық отырыста депутаттар дипфейктердің қауіптілігіне назар аударып, оларды жасаған және таратқан адамдарға қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.

