Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметшілердің денсаулығы мен білім деңгейін жақсартуға бағытталған SARBAZ+ пилоттық жобасын іске қосты, деп жазады ZontNews.kz.
Жоба аясында сарбаздарға фитнес-білезік тағу көзделіп отыр. Бұл құрылғы олардың физикалық көрсеткіштерін шынайы уақыт режімінде тіркеп, орталықтандырылған медициналық жүйеге жолдайды. Бұл деректер дәрігерлер мен командирлерге қолжетімді болады.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жоба аясында бөлім аумағына бейнебақылау және талдау жүйесі де орнатылады. Ал сарбаздардың психологиялық саулығын сақтау үшін тынығуға арналған арнайы бөлмелер – «эмоциялық түсіру» аймақтары жабдықталады. Бұл бастама күйзелісті азайтуға және моральдық тұрақтылықты сақтауға бағытталған.
Бұдан бөлек, Қорғаныс және Білім министрліктері бірлесіп, мерзімді әскери қызметшілерге қазақ тілі, ағылшын тілі, IT, телекоммуникация, дрондарды басқару және радиобайланыс салалары бойынша оқу курстарын өткізуді жоспарлап отыр. Курс соңында сарбаздарға ресми сертификаттар табысталады.
SARBAZ+ жобасы әзірге бір ғана әскери бөлімде сынақтан өткізіліп жатыр. Егер оң нәтиже көрсетсе, бастама еліміздегі басқа да бөлімшелерге кезең-кезеңімен енгізіледі.
Қазіргі уақытта бөлім аумағында инфрақұрылым жаңартылып жатыр. Жаңа спорт алаңдары салынып, жаттығу құрылғылары орнатылуда. Сондай-ақ сарбаздардың логикалық ойлау қабілетін дамыту үшін шахмат үйірмелерін ашу жоспарда бар.