«Самұрық-Қазына» қоры директорлар кеңесіне дауыс беру құқығы бар жаңа мүшені таныстырды. Бұл — SKAI (Samruk-Kazyna Artificial Intelligence) атты жасанды интеллект жүйесі, деп хабарлайды ZontNews.kz қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
SKAI — өңірде алғаш рет енгізілген тәуелсіз цифрлық мүше. Ол ішкі және сыртқы құжаттарды, 2008 жылдан бері қабылданған шешімдерді және қорда жинақталған деректерді талдайды. Қордың мәлімдеуінше, бұл жүйе корпоративтік басқарудың ашықтығын арттырып, қабылданатын шешімдердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жүйе «Қазақтелекомның» екінші қазақстандық суперкомпьютері Al Farabium негізінде жабық контурда жұмыс істейді. Қор өкілдері бұл тәсіл деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін атап өтті.
«Ақпарат ел аумағынан шықпайды, ал жоғары есептеу қуаты талдаудың сенімділігі мен жеделдігін арттырады. Жүйенің негізіне қазақстандық Alem LLM тілдік моделі алынған», – деп хабарлады қор.