Салық органдары блогер Елікбаевтың жеңіске жеткені туралы хабарды теріске шығарды

Фото: IG/ @alisher _yelikbaev

Мемлекеттік кірістер комитеті блогер Әлішер Елікбаевтың сотта жеңіске жеткені жөнінде әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты жоққа шығарды, деп жазады ZontNews.kz.

Биыл ақпанда бірқатар блогерлердің салық төлемегені туралы дерек жарияланған еді. Солардың қатарында Елікбаевтың да аты аталды. Кейін ол айыптауларды негізсіз деп, мәселені сот арқылы қарауға ниетті екенін мәлімдеді. Блогер ешқашан салық заңнамасын бұзбағанын айтып, өзіне түскен ірі көлемдегі қаражаттың барлығы қайырымдылыққа жұмсалғанын жазды.

Елікбаевтың айтуынша, бұл қаражат балалар хоспистеріне арналған реанимобиль сатып алуға, бүйрек трансплантациясына қажетті оталарды қаржыландыруға және Украинаға медициналық жабдықтар жіберуге бағытталған. Оның сөзіне қарағанда, қаражат тікелей қорлар мен емханаларға жолданған.

Осыдан кейін кейбір ақпарат құралдары сот мемлекеттік кірістер комитетінің әрекетін заңсыз деп таныды деген хабар таратты. Әлеуметтік желілерде де блогердің сотта жеңіске жеткені туралы жазбалар пайда болды.

Алайда Мемлекеттік кірістер комитеті бұл мәліметті жоққа шығарды.

«Әлеуметтік желілерде блогер Әлішер Елікбаевтың мемлекеттік кірістер органдарын сотта жеңгені туралы ақпарат тарап жатыр. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Сот оның талабын мәні бойынша қараған жоқ және мемлекеттік кірістер органдарының әрекеттерін заңсыз деп таныған жоқ. 2025 жылғы 15 тамыздағы жағдай бойынша, мұндай мазмұндағы сот шешімі де, ресми хабарлама да жоқ. Сондықтан бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. БАҚ өкілдерінен тексерілмеген деректерді жарияламауды сұраймыз», — делінген комитеттің ресми мәлімдемесінде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *