Спросить ChatGPT
Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясында жұмыс істеуге екі мыңға дейін маман даярланады, деп жазады ZontNews.kz.
«Росатом» техникалық академиясының ректоры Юрий Селезневтің айтуынша, эксплуатациялық персоналды даярлау арнайы бағдарлама аясында жүзеге асырылады. Оқу физикалық іске қосылуға бес жыл қалғанда басталады.
«Біз эксплуатациялық персоналды дайындаймыз. Оқытуға қатысатындардың нақты саны келісімшартпен анықталады, алдын ала шамамен 1,5-2 мың адам деп жоспарланып отыр», — деді Селезнев.
Сонымен қатар, «Росатом» техникалық академиясы болашақ мамандарды практикалық тұрғыда даярлау үшін оқу-даярлау орталығын құрып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етеді.
Жоспарланғандай, Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы 2035-2036 жылдары аяқталады. Станция іске қосылғаннан кейін толықтай Қазақстанға тиесілі болып, оның басқаруы да елімізге беріледі.
Еске сала кетсек, Алматы облысы, Ұлкен ауылы маңында алғашқы АЭС құрылысы басталды. Құрылыс алаңына арнайы техника қойылып, Нововоронеж АЭС-інің демонстрациялық макеті орнатылды. Қазақстанның атом энергиясы жөніндегі агенттігінің мәліметі бойынша, болашақ станция осы үлгі бойынша салынады.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстандағы екінші АЭС құрылысына қытайлық CNNC компаниясы жетекшілік етеді. Ол үшінші АЭС құрылысының да мердігері болуы ықтимал, деп мәлімдеді бірінші вице-премьер Роман Скляр. Құрылыстың нақты құны жобалық-сметалық құжаттар дайындалғаннан кейін белгілі болады.