Мәжіліс депутаты Ринат Заитов Бас прокурор Берік Асыловқа Назарбаевтар отбасының заңсыз алынған активтері бойынша сұрау жолдады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Заитов соңғы сот шешіміне назар аударды. Болат Назарбаевтың ұлы Нурбол Назарбаевтан 57 млрд теңге көлеміндегі активтер тартып алынды, 925 млн теңге көлемінде айыппұл салынды және 230,4 млн теңге өтемақы өндірілді. Оның барлық шоттары мен компанияларды басқару құқығы қазір блокталған.
Депутат атап өткендей, әлі күнге дейін конфискацияланған активтер тізіміне базарлар мен жерлер кірді ме, соның ішінде дау тудырған «Алтын Орда» базары, белгісіз. Процестердің жабық болуы қоғамда сенімсіздікке себеп болды.
Заитов мыналарды талап етті:
- Назарбаевтар отбасының барлық активтерін толық инвентаризациялау;
- Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару;
- Конфискация бойынша толық ақпаратты жариялау;
- «Алтын Орда» мен Алматы және облыс жерлеріне қатысты тергеуді бастау.
«Азаматтар білуі керек: қайтарылған активтер нақты елге қызмет етеді, ал кінәлілер заң алдында жауап береді», – деді Заитов.