Астанда «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» жетекшісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғани Алашбаеваға қатысты сот отырысында прокурор Арман Қазекен айыптау тарабының талабын жария етті, деп жазады ZontNews.kz.
Прокурор жарыссөз барысында Перизат Қайратқа 10 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және қайырымдылық мақсатында қаржы тартумен айналысуына он жыл мерзімге тыйым салуды сұрады. Ғани Алашбаеваға қатысты да 8 жылға бас бостандығынан айыру және дәл осындай қосымша шектеу шараларын қолдану сұралды.
Сондай-ақ, айыптаушы тарап Перизат Қайратты «Шапағат» медалінен айыруды ұсынды.
«Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлікті тәркілеп, жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеу үшін беру қажет», – деді прокурор.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, отырыс ішінара жабық форматта өтуде. Бұл шешім банктік құпияны қамтитын құжаттардың қаралуына байланысты қабылданған.
Күннің бірінші жартысында заттай дәлелдер зерттеліп, тараптар бірнеше өтініш жасады. Перизат Қайратқа сұрақтар қойылып, ол жауап берді. Оның анасы Ғани Алашбаева жауап беруден бас тартты.
2021 жылдың маусымында құрылған қайырымдылық қорының негізін қалаушы және басшысы ретінде танымал Перизат Қайрат 2024 жылдың қарашасында су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікпен қамауға алынған.
Тергеу мәліметі бойынша, бұл қаражаттың бір бөлігі элиталық пәтерлер, қымбат көліктер және шетелдік сапарларға жұмсалған. Сонымен қатар, ол қорға жиналған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін туыстары мен таныстарын тартқан. Олар бұл қызметтері үшін сыйақы алған.
Қаржы мониторингі агенттігі кейінірек Палестина халқына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражаттың жымқырылғанын көрсететін қосымша айыпты анықтаған.
2025 жылдың наурызында Астанадағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот Әділет департаментінің талап-арызы бойынша Перизат Қайрат басқаратын «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін жабу туралы шешім қабылдады.
9 шілдеде сот процестің жабық режимде өтетінін мәлімдеді. Мұның себебі – істің материалдарында құпия деректердің, оның ішінде банктік ақпараттың болуында.
16 шілдеде жәбірленушілердің кейбірі әлеуметтік желілерде жарияланған жарнама арқылы қайырымдылыққа ақша аударғандарын айтты. Олардың арасында Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларының ата-аналары да бар.
17 шілдеде сотта күтпеген жағдай орын алды. Жәбірленушілердің бірі Zoom арқылы жауап беріп жатқанда, Қайраттың қойған сұрағынан кейін эмоциясын жасыра алмай: «Капец!» деп қатты айтып жіберді. Ол байланысты үзбей тұрып бұл сөзін айтып үлгерді.
18 шілдеде бірқатар жәбірленуші мен олардың өкілдерін сотқа мәжбүрлеп жеткізу мүмкін болмады.