Поляк әскери ұшқышы Мацей Краковян халықаралық «AirShow Radom» шарасына дайындық кезінде көз жұмды, деп жазады ZontNews.kz.
F-16 жойғыш ұшағы әуе маневрін орындау кезінде басқарудан шығып, ұшу-қону жолағына құлап, отқа оранған. Ұшқыш қаза тапты, көрермендер зардап шеккен жоқ.
Шара 30–31 тамызда өтуі тиіс еді, ондаған мың көрермен жиналады деп жоспарланған. Алайда ұйымдастырушылар апаттан кейін оны тоқтату туралы шешім қабылдады.
Қайғылы оқиға 28 тамызда тіркелді. Ұшақтың құлау сәтін бейнелейтін кадрлар әлеуметтік желілерде тез тарады.
Майор Краковян Польшаның әскери-әуе күштеріндегі ең тәжірибелі ұшқыштардың бірі саналған. Ол «F-16 Tiger Demo Team» тобының жетекшісі болған. Шілде айында британдық RIAT авиашоуында көрермендердің таңдауы бойынша ең үздік әуе маневрі үшін «As the Crow Flies Trophy» марапатын алған.
Оқиғаның себебін әскери прокуратура мен полиция тексеріп жатыр. Негізгі нұсқалар ретінде техникалық ақау, ұшқыштың қателігі немесе денсаулығының күрт нашарлауы қарастырылып отыр. Сарапшылардың айтуынша, ол соңғы сәтке дейін ұшағын құтқаруға тырысқан.
«AirShow Radom» – Польшаның ең ірі авиациялық шоу. Биыл оған 20 елден 150-ден астам ұшақ қатысады деп жоспарланған еді.