Полиция Рахмоновтың әйелі мен ұлы қатысқан жол апатының видеосын жариялады

Жамбыл облысында болған жол апатына байланысты полиция оқиға сәті жазылған бейнежазбаны таратты. Онда көліктің жолдан шығып, аударылып қалғаны көрінеді, деп жазады ZontNews.kz.

Апат салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екеуі ауруханаға жеткізілген. Зардап шеккендердің арасында аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың әйелі мен ұлы бар. Олардың ауруханадан шыққаны туралы Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

«Зардап шеккендер тиісті қолхат жазып, Шу қалалық ауруханасынан шықты. Олар Алматыға жол жүріп кетті. Медициналық көмекке қатысты ешқандай шағым түскен жоқ», – делінген басқарма мәліметінде.

Бұған дейін Рахмоновтың жұбайы мен ұлына «жабық бас-ми жарақаты» және «ми шайқалуы» диагнозы қойылып, олар травматология бөліміне жатқызылған болатын.

Апат 27 шілде күні таңғы сағат 08:50-де Алматы-Екатеринбург республикалық маңыздағы тасжолдың 299-шақырымында болған. Полиция мәліметінше, Toyota Land Cruiser 200 көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік жолдан шығып, аударылып кеткен.

Қазіргі таңда оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша («Жол қозғалысы ережесін бұзу немесе көлікті басқару ережесін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның қаза табуы») тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Әлеуметтік желіде тараған бейресми ақпаратқа сай, көлікті Гулайым Рахмонова басқарғаны айтылған. Жолаушылар қатарында оның ұлы мен құрбылары болғаны да хабарланды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *