Павлодарда “Долгалёв ісі” бойынша үкім жарияланды

Фото: Видеодан кадр

Павлодарда Обухов тау-кен байыту комбинатының директоры Виктор Долгалёв, оның ұлы Данил Долгалёв, адвокат Санат Құрманбаев және астаналық кәсіпкер Тимур Садвақасов әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Іс алқабилер қатысуымен қаралды. Олар айыптау үкімін шығарып, оның негізінде сот шешім қабылдады.

Сот Виктор Долгалёвті «жер қойнауын өз бетінше пайдалану», «заңсыз кәсіпкерлік», «қылмысқа дайындалу және әрекет ету», сондай-ақ «пара беру» баптары бойынша кінәлі деп таныды.

«Жеңіл жаза түрін қатаңырағымен сіңіре отырып, Виктор Долгалёвке 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Мүлкі тәркіленсін. Мемлекеттік қызметте және жер қойнауын пайдалану саласында кәсіпкерлікпен айналысуға өмір бойына тыйым салынсын» — деп жарияланды сот залында.

Данил Долгалёв те жер қойнауын заңсыз пайдалану және заңсыз кәсіпкерлік баптары бойынша кінәлі деп танылды. Сот оны алты жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуге және жеті жыл бойы жер қойнауын пайдалану саласында кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салды. Конституцияның 30 жылдығына арналған рақымшылық заңы негізінде негізгі жаза төрт жыл тоғыз айға қысқартылды.

Адвокат Санат Құрманбаев «қылмысқа арандату», «пара беру» және «алаяқтық» баптары бойынша 10 жылға сотталды. Оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды. Дәл осындай жаза кәсіпкер Тимур Садвақасовқа да тағайындалды. Оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметке оралуына тыйым салынды.

Бұл — Виктор Долгалёвке қатысты екінші сот процесі. Бұған дейін ол осыған ұқсас айыптар бойынша ақталған болатын. Алайда бұл жолы тергеу «пара беруге әрекеттену» және адвокаттарға қатысты «алаяқтық» баптарын қоса енгізген соң, барлығы нақты мерзім алды.

Бұған дейін Антикор «пара да, алаяқтық та болмағанын» мойындаған. Тимур Садвақасовтың отбасы оның кінәсіздігін дәлелдейтін құжаттар ұсынғанымен, сот үкімі өзгеріссіз қалды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *