Сеул соты қамауда отырған Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльдің жұбайы Ким Кон Хиді тұтқындау туралы шешім қабылдады, деп жазады ZontNews.kz.
Yonhap агентігінің мәліметінше, Юн Сок Ёль өткен жылы әскери жағдай енгізуге талпынғаны үшін қызметінен шеттетіліп, кейін қамауға алынған. Ал оның жұбайына биржада алаяқтық жасау және пара алу бойынша айып тағылған.
52 жастағы Ким Кон Хи айыптарды мойындамайды. Дегенмен сот төрт сағатқа созылған тыңдаудан кейін бостандықта жүрген жағдайда айғақтарды жою қаупі барын айтып, оны қамауға алу туралы үкім шығарды.
Бұл — Оңтүстік Корея тарихында бұрынғы президент пен бұрынғы бірінші ханымның бір мезетте қамауға алынған алғашқы оқиғасы. Бұған дейін бірнеше президент биліктен шеттетіліп, қамауға алынғанымен, олардың жұбайларына мұндай шара қолданылмаған.
Юн Сок Ёль былтыр желтоқсанда парламенттегі саяси қарсыластарымен қақтығыс кезінде әскери жағдай енгізуге әрекеттеніп, артынша оны дереу жойған. 2024 жылдың қаңтарында екінші рет қамауға алынып, сәуірде президент қызметінен ресми түрде босатылды. Шілде айында билікті теріс пайдаланды деген айыппен ресми түрде тұтқындалды.
Маусым айының басында өткен президент сайлауында оның саяси қарсыласы Ли Чжэ Мён жеңіске жетті.