Шілде айының соңында Әзербайжан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастарда шиеленіс пайда болды. Бұған географиялық атауларды қолдану мәселесі себеп болды, деп жазады ZontNews.kz.
ТАСС агенттігі Қарабақтағы Айвазовский ескерткішінің сүрілуі туралы жаңалықта қала атауын Степанакерт деп көрсетті. Алайда онда Әзірбайжанның ресми атауы — Ханкенди қолданылмаған. Баку мұны елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын елемеу ретінде бағалады.
Әзірбайжан сыртқы істер министрлігінің наразылығынан кейін ТАСС бірнеше рет тақырыпты өзгертті. Алайда бұл қадам Әзірбайжан тарабының наразылығын тоқтатпады. ӘзірТАДЖ мемлекеттік агенттігі мәлімдеме жасап, осындай жағдай қайталанса, ресейлік қалаларға қатысты тарихи атаулар — Орынбор, Еділ және Кёнигсберг қолданылуы мүмкін екенін ескертті.
Саясаттанушы Қуат Домбайдың айтуынша, бұл — оқшау әрекет емес, посткеңестіктегі кең ауқымды үрдістің көрінісі.
«Әзірбайжан тарапынан ресейлік қалалардың тарихи атауларын қолдану — Кремльдің Украинаға қатысты жүргізіп отырған «тарихилық» саясатына жауап. Бұл — тарихи оқиғаларды өз мүддесіне сай түсіндіруге және қосарлы стандарттарға қарсылық», — деді ол.
Сарапшы Ресейдің тарихты өз мүддесіне қарай қайта пайымдауы тек Украинамен шектелмей, посткеңестік елдермен қарым-қатынасына да әсер етіп жатқанын айтты.
«Кремльдің бұл әрекеттері бұрынғы отар елдерде балама тарихи көзқарастардың жаңғыруына себеп болуда. Бұл — тек түркі халықтарына емес, Ресейдегі жапон, неміс және басқа да этностардың тарихи атауларына қатысты», — деді саясаттанушы.
Домбайдың пікірінше, Кремльдің ресми және бейресми ұстанымдарын ажыратуға тырысуы нақты өзгерістерге тосқауыл бола алмайды. Керісінше, бұл бұрынғы отарланған халықтардың тарихи жадын жаңғырту процесін күшейтеді.
«Мәскеу мен Киев арасындағы шиеленіс және Ресейдің посткеңестік елдерге ықпал ету саясаты тарихи сана мен атауларды қайта бағалауға алып келіп отыр», — деді ол.
Осылайша, ТАСС материалындағы қала атауына қатысты дау тарих, теңдік және отарлық кезең мұрасын қайта қарауға түрткі болды. Әзірбайжан тарабы сыртқы тұжырымдамаларға үнсіз келісе бермейтінін көрсетті.