«Орталық стадионда болдым»: Нұрәлі Әлиев әкесінің футболдағы рөлін еске алды

Фото: IG/ Нұрәлі Әлиев

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиев «Қайрат» пен «Реал Мадридтің» ойынын тамашалап, әлеуметтік желідегі жазбасында әкесі Рахат Әлиевтің қазақ футболының дамуына қосқан үлесін атап өтті, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Әлиев әкесі 2002 жылы Қазақстан футбол федерациясын басқарған тұста елдің Азия конфедерациясынан шығып, ресми түрде UEFA құрамына енгенін еске салды.

«Соңғы күндері әкем Рахат Әлиевке қатысты жылы пікірлерді жиі естіп жүрмін, жатқан жері жарық болсын. Бұл жайдан-жай емес. 2002 жылдың 25 сәуірінде Қазақстан футбол федерациясын басқарған ол елді Азия конфедерациясынан шығарып, UEFA-ға қосуға ықпал етті», – деп жазды ол.

Нұрәлі Әлиев сондай-ақ Стокгольмде Мишель Платинимен болған келіссөздерді және 2005 жылы Платинидің Алматыға алғаш рет келгенін еске алды.

Ол Орталық стадионда өткен Чемпиондар лигасының матчы туралы да ой бөлісті.

«Кеше Орталық стадионда Чемпиондар лигасының матчын көрдім. Алматыда «Қайрат» UEFA-ның ең беделді клубтарының бірі – мадридтік «Реалға» қарсы шықты. Сол сәтте әкемнің сол шешімінің қаншалықты стратегиялық болғанын анық сезіндім. Жылдар өткен сайын ол қадам өз жемісін беріп келеді», – деді Әлиев.

VIP секторда Назарбаевтың жиен немересі көрінбеді. Демек, ол қарапайым көрермендер арасынан орын алған болуы мүмкін.

Айта кетейік, Орталық стадионда 23 804 орын бар.

Еске салсақ, Алматыдағы тарихи ойында «Қайрат» алғашқы минуттарда жанкүйерлерін жігерлендіргенімен, екінші таймда «Реалдың» қарқынына төтеп бере алмады. Чемпиондар лигасының екінші турында алматылық клуб 0:5 есебімен жеңілді. Килиан Мбаппе жасаған хет-трик пен Шерхан Қалмырзаның бірнеше сейві матчтың негізгі сәттеріне айналды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *