Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) квота асырылып өндірілген мұнай көлеміне қатысты өтемақы бойынша жаңартылған деректерді жариялады. Қазақстан бұған дейін де өндірісті ең көп қысқартқан елдің бірі болса, енді оған қосымша жүктеме түсті, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Reuters агенттігінің дерегінше, ОПЕК хатшылығы Қазақстан, Ресей, Ирак, Оман, БАӘ және Кувейттен өндірісті қысқарту жөнінде түзетілген ақпарат алған. Ұйым өкілдері онлайн-кездесу барысында бұл мемлекеттердің өтемақы жоспарын толық орындауы қажет екенін атап өтті.
Негізгі жауапкершілік Қазақстанға жүктелді. Бұған дейін де жоспар тым қатаң деп бағаланса, жаңа талаптар жағдайды одан әрі күрделендірді.
«Өтемақылық қысқартудың негізгі бөлігін Қазақстан қамтамасыз етеді, одан кейін Ирак, БАӘ және Ресей келеді», – деп хабарлады Reuters.
Жаңартылған жоспарға сәйкес, Қазақстан қыркүйек 2025 пен маусым 2026 аралығында тәулігіне 2 млн 917 мың баррельді қысқартуға тиіс. Қыркүйектегі көрсеткіш бұдан төмен – тәулігіне 2 млн 630 мың баррель болатын. Бұл – тарихта болмаған деңгей. Қазақстанның үлесі жалпы өтемақы көлемінің 62 пайызына дейін өсті. Желтоқсаннан бастап қысқарту көлемі жүз мыңдаған баррельге артады.
Қазақстанның энергетика министрлігі әзірге жағдайға түсініктеме берген жоқ. Қазақстан бұл талаптарды қалай орындайтыны беймәлім. Өйткені Теңіз кен орнының кеңеюі және мұнай өндірісінің артуы 2025 жылғы экономикалық өсімнің басты қозғаушы күшіне айналған еді.
Шілдеде премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның ОПЕК+ келісімінен шығуды жоспарламайтынын айтқан. Алайда бірқатар сарапшылар мұндай шешімнің қажеттігін алға тартып отыр.