Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев «тоқалына депутаттық мандат сыйлады» және «некесіз баласын жасырды» деген айыптауларға жауап берді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Бұл айыптаулар Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұрайым Шәкімергенге қатысты айтылған. Қырықбаев оның мандатқа өз дауысымен сайланғанын және ешкімге «мандат сыйламағанын» мәлімдеді.
«Әлеуметтік желілерде түрлі жазбаларды көрдім. Тіпті мен оған мәслихаттағы депутаттық орнымды сыйлады деген ақпарат тарады. Бұл ақылға қонымсыз. Ол өз сайлау округінде халықтың дауысымен сайланды. Егер сұрақтарыңыз болса, сайлау комиссиясына жүгініңіздер. Мен сайлаушыларға „оған дауыс беріңдер“ деп те айтқан жоқпын», — деді депутат.
Қырықбаев жеке өміріне қатысты да сөз қозғады.
«Нұрайым менің тоқалым ба, жоқ па — бұл менің жеке өмірім, оны жария етуге міндетті емеспін. Ал бала туралы айтар болсам, мен еш жерде „ол менің балам емес“ деген жоқпын. Ол — менің ұлым. Мен оған өз тегімді бердім. Мұны не Алладан, не халықтан жасырмаймын», — деді ол.

