Мен жеті соғысты тоқтаттым, бірақ БҰҰ көмектеспеді – Трамп

Фото: Видеодан кадр

Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясында АҚШ президенті Дональд Трамп 2020 жылдан бері алғаш рет сөз сөйледі, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Сөзін ол техникалық ақаудан шағымданудан бастады.

«Суфлёр істемей тұр. Мен бұл сөзді онсыз да айта аламын», – деді ол.

Трамп бұл жағдай оған «ашық әрі шынайы сөйлеуге мүмкіндік беретінін» айтып, ақауға жол бергендерге салдары болатынын ескертті.

Негізгі мәлімдемелері:

  • Трамп Камбоджа мен Таиландтағы, Косово мен Сербиядағы, Конго мен Руандадағы, Пәкістан мен Үндістандағы, Израиль мен Ирандағы, Мысыр мен Эфиопиядағы, Армения мен Әзербайжандағы қақтығыстарды қосқанда жеті ұзаққа созылған соғысты тоқтатқанын айтты. «Кейбіреулер менің Нобель сыйлығына лайық екенімді айтады, бірақ ең үлкен марапат – соғыстар тоқтағаннан кейін өмір сүретін балалар», – деді ол.
  • Оның айтуынша, БҰҰ-ның әлеуеті зор, бірақ ұйым оны толық жүзеге асыра алмай отыр. «АҚШ БҰҰ-дан тек екі “сыйлық” алды – істемейтін эскалатор мен суфлёр», – деп мысқылдады Трамп.
  • «Егер мен президент болып қалғанда, Украинадағы соғыс болмас еді. Бұл Байденнің соғысы», – деді ол. «Барлығы Ресей бұл соғысты үш күнде аяқтайды деп ойлаған, бірақ олай болған жоқ. Бұл Ресейдің беделін көтермейді, керісінше төмендетеді».
  • Еуропаның Ресеймен күресе отырып, оның энергиясын сатып алуы – «ұят» деді Трамп. Ол Қытай мен Үндістанды ресейлік мұнай сатып алу арқылы «соғыстың басты қаржыландырушылары» деп атады.
  • «Иран ядролық қаруға ие бола алмайды. Егер ядролық әзірлемелер жалғаса берсе, әлем жойылады, БҰҰ да болмайды», – деді ол.
  • Ресей бейбіт келісімге келмесе, АҚШ «қатаң баж салығын» енгізуге дайын екенін айтты.
  • Трамп Еуропаны энергетикалық дағдарыс пен миграцияның күйретіп жатқанын айтып, «жасыл энергетиканы» – «алдау», ал климаттың өзгеруі туралы ескертулерді – «ең үлкен алаяқтық» деп атады.
  • Ол Газа секторындағы соғысты дереу тоқтатуға және барлық тұтқындарды босатуға шақырды.

«Палестинаны тану – ХАМАС үшін тым қымбат “сыйлық”», – деді Трамп.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *