Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025–2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлерін жария етті, деп жазады ZontNews.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биылғы гранттардың 60 пайызы инженерлік және техникалық мамандықтарға бөлінді. Бұл шешім экономиканың басым бағыттарына қажет кадрларды даярлау мақсатында қабылданды.
Конкурс нәтижесінде мемлекеттік тапсырыстың 99 пайызы игерілді.
Министрліктің мәліметінше, биыл «Серпін» бағдарламасына қатысуға қызығушылық танытқан жастар қатары артқан. Нәтижесінде 2 мыңнан астам талапкер елдің солтүстік, шығыс және орталық өңірлеріндегі жоғары оқу орындарына қабылданады.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында 77 мыңнан астам грант бөлінді. Сонымен бірге шетелдік жетекші университеттермен әріптестікте жұмыс істейтін еліміздің 20-ға жуық жоғары оқу орны студенттерді қабылдай бастады. Министрлік мұны Қазақстанды өңірлік білім беру орталығына айналдыру жолындағы маңызды қадам деп бағалайды.
2025 жылғы конкурсқа 113 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға артық. Гранттарды бөлу кезінде әлеуметтік осал топтарға арналған заңда белгіленген квоталар сақталған.
Дарынды жастарды қолдау мақсатында халықаралық олимпиадалар мен спорттық жарыстарда жеңіске жеткен оқушыларға конкурссыз грант беру қарастырылған.
Жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту үшін бірқатар қосымша тетік енгізілді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 5 жасар балаға есепшот ашу кезінде бастапқы білім беру капиталы төленетін «Келешек» ерікті жинақтау жүйесі іске қосылды. Жүйе аясында мемлекеттік сыйақыдан бөлек, екінші деңгейлі банктер мен сақтандыру ұйымдарының сыйақылары да төленеді. Жиналған қаражатты «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражатымен біріктіруге болады.
2024 жылы алғаш рет білім алуға жұмсалатын шығынның бір бөлігін өтеуге бағытталған сараланған гранттар бөлінді. Қалған соманы талапкер өз қаражатынан немесе жеңілдетілген оқу несиесі арқылы төлей алады. 2025 жылы мұндай гранттар саны 300-ге жетпек. Сараланған гранттар бойынша конкурс 2025 жылдың қыркүйегінде өтеді.
Биыл алғаш рет мерзімді әскери қызметін өткеріп жатқан азаматтар үшін 2010 грант бөлінді. Бұл шара олардың жоғары білім алуға тең қолжетімдігін қамтамасыз етуге және азаматтық өмірге бейімделуіне ықпал етпек.
Грант иегерлерінің толық тізімі министрліктің ресми сайтында, Telegram-арналарында, сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz сайтында қолжетімді.
Мемлекеттік грант туралы куәлік үш жұмыс күні ішінде https://grant.testcenter.kz сайтында жүктеуге болады.
Жоғары оқу орындарына құжаттарды қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.