Мексиканың Уруапан қаласының мэрі Карлос Мансо оқ жарақатынан қаза тапты. Ол есірткі картельдеріне және федерал билікке бағытталған сындарымен танылған саясаткер болатын, деп хабарлайды ZontNews.kz.
El País басылымының мәліметінше, оқиға 2 қарашада Өлілер күні мерекесі кезінде қаланың орталық алаңында болған. Мансо тұрғындар алдында сөйлеп тұрған сәтте бірнеше рет оқ атылған. Оны ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізген, бірақ дәрігерлер өмірін сақтап қала алмады.
Мичоакан штатының билігі екі күдіктінің ұсталғанын, тағы бірінің полициямен атыс кезінде қаза тапқанын хабарлады. Аймақ губернаторы Альфредо Рамирес Бедойа тергеуге федерал прокуратура мен Ұлттық гвардияның тартылғанын мәлімдеді.
Карлос Мансо президент Клаудия Шейнбаумды ұйымдасқан қылмыспен күресте «жұмсақ саясат ұстанды» деп жиі сынаған. Ол «Халисконың жаңа буыны» картеліне қарсы ашық күрес жүргізіп, өзіне келіп түскен қауіп туралы бірнеше рет айтқан.
Тамыз айында полиция картельдің жергілікті жетекшісі Рене Бельмонтені ұстаған соң, Мансоға бағытталған қоқан-лоққылар жиілеген. Мэр орталық биліктен жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрағанымен, қорғау шаралары күшейтілмеген.
Қазан айында ол өз өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, «мафиямен күрес — ұран емес, күнделікті тәуекел» деген бейнежазба жариялаған.
Мансоның өлімі елде кең резонанс тудырды. Оппозициялық саясаткерлер мен құқық қорғаушылар бұл қылмысты жазасыздық пен биліктің әлсіздігінің көрінісі деп атады. Соңғы бес жылда Мексикада ондаған мэр, журналист және белсенді ұйымдасқан қылмыстық топтардың қолынан қаза тапқан.
Осы уақытта АҚШ президенті Дональд Трамп Мексикадан келетін тауарларға 30 пайыздық баж салығын енгізу туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Ол бұл қадамды «шекара қауіпсіздігінің төмендігі және ұйымдасқан қылмыспен күрестің әлсіздігі» деп түсіндірді.

