27 тамызда Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында жер сілкінісі сезілді. Эпицентрі Ресейдің Дагестан аймағында орналасқан бұл толқулар Каспий теңізінің жағалауында да байқалды, деп жазады ZontNews.kz.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) мәліметінше, жер сілкінісі сағат 01:33-те Астана уақытымен тіркелген. Эпицентр Алматыдан 2321 шақырым қашықтықта орналасқан, ал Ақтауда жер сілкінісінің күші 2 баллға тең болған.
«Жер сілкінісі тек Қазақстанда емес, сонымен қатар Ресей, Грузия, Әзірбайжан, Иран және Армения аумағында да сезілді», – деп хабарлады ТЖМ.
Ақтау тұрғындары жер сілкінісін әлеуметтік желілерде хабарлады. Маңғыстау облысы бойынша ТЖД қызметі зардап шеккендер мен инфрақұрылымға зиян келгені туралы ақпарат түспегенін айтты.
Еуропалық-теңіздік сейсмологиялық орталық мәліметінше, эпицентрде тіркелген жер сілкінісінің магнитудасы 6.0 баллды құрады.
Дағыстан тұрғындары зілзала сезінгенін айтып, Дербент пен Махачкала қалаларында афтершоктан қауіптеніп көшеге шыққан. Қазіргі кезде зардап шеккендер мен инфрақұрылымға зиян туралы хабар жоқ.