«Лукойл» Қазақстандағы активтерін сатуға дайындалып жатыр

Фото: ашық дереккөздерден

Санкциялық қысымға түскен ресейлік «Лукойл» компаниясы шетелдегі активтерін сата бастады, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Компания мұндай шешімді өзіне және еншілес ұйымдарына қарсы енгізілген шектеулерден кейін қабылдағанын мәлімдеді.

«Бірқатар елдер компания мен оның еншілес құрылымдарына санкция енгізген соң, халықаралық активтерді сату туралы шешім қабылданды. Қазір әлеуетті сатып алушылардың ұсыныстары қаралып жатыр», – деді «Лукойл» өкілдері.

АҚШ қаржы министрлігі 22 қазанда «Лукойл», «Роснефть» және олардың 34 еншілес компаниясына санкция салған. Ведомство мұны Мәскеудің Украинадағы соғысты тоқтатуға құлықсыздығымен байланыстырды. Министр Скотт Бессент «Лукойлды» «Кремльдің соғыс машинасының бір бөлігі» деп сипаттады.

15 қазанда Ұлыбритания да ұқсас шектеулер енгізді. Қазір «Лукойл» Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Ирак, Мысыр, Камерун, Нигерия, Гана, Мексика, БАӘ және Конго Республикасында жұмыс істейді. Сондай-ақ компанияның Болгария, Румыния және Нидерландыда мұнай өңдеу зауыттары бар.

Қазақстанда «Лукойл» «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» кен орындарын игеріп келеді. Компанияның «Каспий құбыр консорциумында» 12,5% үлесі бар. Бұл бағыт қазақстандық мұнай экспортының негізгі арнасы саналады. Өткен жылы компания елде өзіне тиесілі жанармай құю станциялары желісін іске қосатынын хабарлаған болатын.

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтың пікірінше, ресейлік активтерге жасалған қысым Қазақстанның мұнай-газ саласындағы мүмкіндігін арттыруы мүмкін.

«Санкциялық тәуекелдер Қазақстанға өңірдегі жаңа нарықтарға шығуға жол ашады. Бұл бағытта Ресей де, санкция енгізген елдер де айтарлықтай қарсылық көрсетпейді», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, «Лукойлдың» бірнеше шетелдік жобаларында қарызды өтеу мерзімі таяп келеді. Мысалы, «Шах-Дениз» жобасы бойынша 2025 жылы – 215 млн доллар, 2027 жылы – 250 млн доллар өтелуі тиіс. Өзбекстандағы газ жобасы бойынша 2028 жылы 660 млн доллар несиені жабу жоспарланған. Ал Ирактағы «Батыс Курна» және Болгариядағы «Лукойл Нефтохим Бургас» жобалары техникалық тұрғыдан проблемалы активтер саналады, сондықтан оларды жеңілдікпен сату ықтималдығы бар.

Бұған дейін Трамптың Путинмен кездесуін тоқтатып, «Лукойл» мен «Роснефтьке» қарсы санкциялар енгізілгенін хабарлаған. АҚШ қаржы министрлігі бұл шектеулер ресейлік активтерге және олардың 50 пайыздан астам үлесі бар шетелдік компанияларға да қолданылатынын нақтылаған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *