Қазақстандағы бір кино мектебінің 15 жастағы қызға актер Жан Байжанбаевпен бірге фильмге түсу үшін ата-анасынан бір жарым миллион теңге талап еткені анықталды, деп жазады ZontNews.kz.
«Жетінші арнаның» дерегінше, Көркем есімді жасөспірім әлеуметтік желіден кастинг туралы хабарландыруды көреді. Онда Байжанбаевпен бірге фильмге түсу мүмкіндігі ұсынылған. Кастингке ата-анамен келу міндеттелген.
Қыздың анасы Ұлпанның айтуынша, ұйымдастырушылар қызына басты рөл берілетінін айтып, лимузинмен жабық көрсетілімге әкелетінін және қызыл кілемнен өткізетінін уәде еткен. Бірақ ол үшін бір жарым миллион теңге төлеу керектігін жеткізген. Қаражатты бірден аудару талап етілген.
«Біздің кезегіміз келгенде мені менеджерге апарды. Ол Жан Байжанбаевпен бірге 30–40 минуттық қысқаметражды фильм түсірілетінін, ол үшін біз бір жарым миллион теңге төлеуіміз керектігін айтты», – деді Ұлпан.
Әлеуметтік желілерде бұл жағдай жарияланғаннан кейін бірнеше адам мұндай тәжірибе жиі кездесетінін жазды. Кейбір агенттіктер киноға түсу немесе модельдік курстарға қабылдау үшін ақы сұрайтыны айтылды.
Актер Санжар Мәди мұндай әрекеттерді алаяқтық деп бағалап, «рөл алу үшін ешқашан ақша төлемеу керек» деп ескертті.
Жан Байжанбаевтың менеджері актердің шын мәнінде түсірілімге шақырылғанын растады. Бірақ оқу процесі мен төлемге Байжанбаевтың қатысы жоқ екенін, оған тек студия жауапты екенін мәлімдеді.