Тимур Құлыбаевқа тиесілі негізгі мұнай-газ активтерінің бірі — «Каспий нефть» акционерлік қоғамы әзірге сатылған жоқ, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Бұған дейін сарапшылар компания иесінің ауысуы туралы ақпараттың расталғанын айтқан еді.
KASE сайтында жарияланған деректерге сәйкес, 1 қазанға дейінгі мәлімет бойынша, «Каспий нефтьтің» 100 мың акциясының барлығы «Joint Resources» акционерлік қоғамының меншігінде. Ал бұл компанияның жалғыз иесі — Forbes тізімінде 5,3 миллиард долларлық байлығымен төртінші орында тұрған Тимур Құлыбаев.
Бұл мәліметтер Құлыбаевтың «Каспий нефтьті» сатудан бас тартқанын немесе мәміленің әлі келісу сатысында екенін көрсетеді. Қалай болғанда да, қазан айының басында сатылым ресми түрде аяқталмаған.
Тамыз айының соңында Құлыбаев мұнай-газ саласындағы активтерін, соның ішінде Атырау облысындағы Айранкөл кен орнын игеретін «Каспий нефть» компаниясын сатуы мүмкін екені хабарланған. Сол кезде сарапшылар бұл активті Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік инвестор сатып алуы ықтимал деп болжаған.
Қыркүйек айының басында мәміле туралы жаңа деректер пайда болды. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, «Каспий нефтьтің» жаңа иесі Қазақстан нарығында қызмет етіп жүрген батыстық инвестор болуы мүмкін. Активті сату процесін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ Құлыбаев осы келісім аясында «Алмэкс Плюс» компаниясына тиесілі Ансаган кен орнын игеру құқығын да сатуды қарастырып жатыр.

