Кәсіпкер Илон Маск Grokipedia атты жаңа платформаны іске қосуды көздеп отыр. Бұл жоба дәстүрлі Википедияға балама ретінде ұсынылмақ. Энциклопедияны оның xAI компаниясы әзірлейді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Жаңа ресурс ережелердің икемділігімен және дереккөздер қорының ауқымымен ерекшеленбек.
Бұл бастама Википедияға айтылған сыннан кейін пайда болды. Бұрынғы банкир Джон Лефевр энциклопедия дереккөздердің көпшілігін шектейтінін, мысалы Fox News сілтемелерін қабылдамайтынын айтты. Ал инвестор Дэвид Сакс мақалалардың жиі өзгеретінін сынға алып, олардың миллиондаған адам үшін басты ақпарат көзіне айналғанын және нейрожелілерді оқытуда қолданылып жүргенін атап өтті.
Маск X-тағы жазбасында бұл пікірлерді қолдап, Википедияны «түбегейлі біржақты» деп атады. Оның айтуынша, аталған ресурс Google іздеу жүйесінде алдыңғы қатардан орын алады әрі жасанды интеллект модельдері үшін негізгі дереккөздердің бірі саналады. Бұл, кәсіпкердің ойынша, белгілі бір тәуекел туғызады.
Маск Grokipedia-ны «ерекше еркін ережелері бар» және дереккөздері әлдеқайда көп қамтылған жоба ретінде сипаттады. Алайда оның нақты қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз.
Сонымен бірге америкалық бизнесмен жуырда жаңа рекорд орнатты. Forbes Real-Time Billionaires дерегінше, 1 қазан күні АҚШ-тың шығыс жағалауы уақытымен сағат 15:30-да Tesla мен SpaceX негізін қалаушының дәулеті алғаш рет 500 миллиард долларға жетті.