Қазақстандағы жылыту маусымына дайындық барысы жөнінде бірінші вице-премьер Роман Скляр баяндады, деп жазады ZontNews.kz.
Энергоорталықтардың қоймаларындағы көмір қоры 4,8 млн тоннаға жетті. Бұл өткен жылғы деңгейден 6 пайызға артық. Мазут қоры 128,5 мың тонна, бұл да былтырғыдан 30 пайызға жоғары. Келесі жылыту маусымына қажетті көмір көлемі 7,7 млн тонна болса, өңірлерде әзірге 4,2 млн тонна немесе 55 пайызы ғана дайындалған. Білім беру нысандарының 100 пайызы, денсаулық сақтау мекемелерінің 96 пайызы, тұрғын үйлердің 91 пайызы және автономды қазандықтардың 93 пайыздан астамы жаңа маусымға дайын.
Склярдың айтуынша, «Степногорск, Орал, Жітіқара, Петропавл қалаларындағы жылу желілерін, сондай-ақ Аягөз бен Сәтбаевтағы қазандықтарды жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмау қаупі бар».
Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге жөндеу жұмыстарының аяқталуын жеке бақылауға алуды тапсырды.
«Жеделдету жұмыстың сапасына әсер етпеуі тиіс. Талап орындалмаса, тиісті шаралар қолданамыз. Бұл барлық өңірлерге қатысты. Жылыту маусымын дер кезінде бастау қажет», – деді ол.
Бұған дейін Павлодарда жылыту маусымы биыл өзге өңірлерге қарағанда ертерек – 10 қыркүйекте басталғаны хабарланған. Алдымен мектептерге, балабақшаларға және ауруханаларға жылу берілді. Көпқабатты үйлерге жылу ауа температурасы үш күн қатарынан +10 °С-тан төмендегеннен кейін қосылады.