29 шілде күні кешке Жамбыл облысы Мойынқұм ауылындағы үйлену тойында қонақтар арасында жанжал туындап, жаппай төбелеске ұласқан, деп жазады ZontNews.kz.
Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, келіспеушілік алғашында ауызша жанжал түрінде басталған.
Жанжал ауылдағы Амангелді көшесінің бойындағы дүкендердің бірінің маңында өрбіген. Кейін оқиға орнында атыс қаруы қолданылған. Салдарынан төрт ер адам оқ жарақатымен аудандық ауруханаға жеткізілген.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқ атылған қару — алдын ала дерек бойынша, травматикалық сипатта.
Полиция бұл оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 2-бөлігі — «Адам өлтіруге оқталу» (бірнеше адамға қатысты, алдын ала сөз байласу арқылы және атыс қаруын қолдану арқылы) бойынша іс қозғаған.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары күдіктілерді анықтау және оқиғаның барлық мән-жайын нақтылау бойынша жедел тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, іздеу жарияланған екі көліктің кімге тиесілі екені де анықталуда.