Медицина қызметкерлеріне күш көрсету оқиғалары жиілеген соң мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай әрекеттерге қатысты жазаны қатайтуды тапсырды, деп жазады ZontNews.kz.
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың айтуынша, президент Парламент депутаттарының, медицина саласының өкілдері мен белсенді азаматтардың ұсынысын қолдап, ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу бастамасын құптады.
«Дәрігерлердің денсаулығына нұқсан келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай келеңсіздіктерге «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес құқықтық тұрғыда батыл түрде тосқауыл қойылуы керек», – деп хабарлады Желдібай.
Президент Үкіметке заңнамаға қажетті өзгерістер әзірлеуді тапсырды. Талқылауға азаматтық қоғам өкілдері де қатысады.
Қарағандыда жеке клиникада дәрігерге науқас шабуыл жасағаны хабарланған. Оқиға медициналық мекеме ішінде болған. Шабуыл сәті бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желіде кең таралған.
Ұқсас жағдай Қостанайда да тіркелді. Облыстық ауруханада хирург дәрігер кезек күткісі келмеген науқастың соққысынан есінен танып қалған. Кейін дәрігердің жағдайы ауыр екені хабарланды.
Күдікті екі айға қамауға алынды. Қылмыстық кодекске сәйкес, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қыркүйекте медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандар үшін жауапкершілікті қатаңдататын заң жобасы парламентке енгізілетінін айтты.