2025 жылғы 8 тамызда қаңтар оқиғаларына байланысты 20 жылға сотталған Арман Жұмагелдиевтің анасы өмірден озды, деп жазады ZontNews.kz.

«Қымбатты досымыз Арманның анасы, апай Роза дүниеден өтті. Ол баласының ұзақ мерзімге сотталған қиын кезеңдерін өткерді. Бірақ соған қарамастан, анасы ұлынан бас тартқан жоқ», – деп жазды Арманның жақын досы Нұржан Иманалиев Instagram парақшасында.

Оның айтуынша, Арман Жұмагелдиевтің анасы қайтыс боларынан бұрын Қостанайға барып, ұлын түрмеде көрген. Осы сапардан кейін оның жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға түскен. Кейін ол сонда көз жұмған.

2025 жылғы 27 қаңтарда Арман Жұмагелдиев пен оның тобындағы 44 адам Алматыдағы қаңтар оқиғасына қатысы бар деп танылып, түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сот олардың жаппай тәртіпсіздіктерге, адамдарды ұрлау және өзге де қылмыстарға қатысқанын анықтады.

Сот үкіміне сәйкес, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде Жұмагелдиевтің тобы 24 адамды ұрлап, ұрып-соғып, кейін оларды Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне тапсырған.

Бұл істе басты айыпталушылар қатарында Арман Жұмагелдиевтің өзі, Алматының бұрынғы мәслихат депутаты Қайрат Құдайберген және ҰҚК-нің экс-басшысы Руслан Искаков болды. Жұмагелдиев 20 жылға, Құдайберген 8 жылға, ал Искаков 15 жыл 6 айға сотталды. Сонымен қатар, Искаков өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Топтың тағы 13 мүшесі 10 жылдан 15 жыл 6 айға дейінгі жаза алды. Қалғандарына 1,5 жылдан 7 жылға дейінгі жаза тағайындалды. Олардың бір бөлігі сот залынан босатылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *