Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Қазақстанда ЛГБТ-ны ашық не астыртын насихаттауға қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды.
Бұл туралы Zontnews.kz «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап хабарлады.
«ЛГБТ — әр адамның жеке таңдауы. Алайда бұл идеологияны бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы таратуға заң жүзінде тыйым салынуы тиіс. Бұған дейін депутаттар тобымен тиісті өзгерістер ұсынған едік. Алайда қоғамда келіспеушіліктер туындағандықтан, олар қабылданбады. Кейін бұл мәселеге қатысты азаматтар қолдаған петиция жарияланды. Осыдан соң арнайы комиссия құрылып, сарапшылар мен ғалымдар ЛГБТ идеологиясының жағымсыз ықпалын растады», — деді Жаңбыршин.
Оның айтуынша, тек тыйыммен шектелмей, жауапкершілік қарастырған жөн.
«Егер тыйымға қарамастан әлеуметтік желі, БАҚ немесе басқа да арналар арқылы ЛГБТ-ны насихаттау жалғаса берсе, мұндай әрекеттерге тек әкімшілік емес, қылмыстық жаза да белгіленуі тиіс деп санаймын», — деді ол.
Айта кетейік, Қазақстанда ЛГБТ насихатына заңмен тыйым салу туралы бастама қоғамда кең пікірталас тудырып отыр. Бұл мәселе халықаралық құқық қорғау ұйымдарының да сынына ұшырады. Олар мұндай заң ЛГБТ өкілдерінің құқықтарын шектейді және Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп есептейді.