2022 жылы Жаңатас аудандық мәслихат депутатының күйеуі 12 жасар мектеп оқушысын зорлады. Бұл оқиға 2023 жылы жалпақ жұртқа белгілі болып, жұрттың жағасын ұстатты, деп жазады ZontNews.kz.
2022 жылы анасы қызын интернатқа орналастырған. Интернат басшылығы жүкті қыздың жағдайын жасыру үшін түсік ұйымдастырған. Алайда бұл туралы қыздың анасына хабар бермеген.
Сол кезде бірнеше қылмыстық іс қозғалып, депутаттың күйеуімен қоса алты адам сотталған.
Өткен жылы 55 жастағы ер адам зорлық жасағаны үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін мектеп-интернаттың директоры сот алдында жауапқа тартылып, оған екі жыл түрмеде отыру жазасы берілді. Оның орынбасары, медбике және психолог үш жыл мерзімге қатаң шектеуге, ал түсік жасаған акушер бір жылға бас бостандығынан айырылды.
Оларды «жүктілікті заңсыз тоқтату», «аса ауыр қылмысты хабарламау», «қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастыру» және «көмек көрсету» айыбы бойынша кінәлі деп таныды.
Зардап шеккен қызды кейін Тараздағы көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан балаларға арналған мектеп-интернатқа орналастырған. Көрсетілгендей, енді ол облыстық орталықта болғандықтан қатаң бақылауда болуы тиіс еді.
Алайда қыздың жақында қайтадан жүкті болғаны белгілі болды.
Кәмелетке толмаған қыз қазіргі кезде шамамен жүктіліктің сегізінші айында. Баланың әкесі туралы ақпарат жоқ.
Қыз акушерлік есепке қойылғандықтан, Жамбыл облысындағы интернат пен басқа уәкілетті органдар бұл жағдайды біледі және барынша жасырып отыр. Олар бұған дейінгі Жаңатас интернатының басшылары сияқты жазаланудан қорқып отыруы мүмкін.