Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов өзіне жасалған қастандыққа байланысты Instagram парақшасында жазба жариялады. Ол денесінде 60-тан астам оқ қалғанын айтып, рентген-суретін көрсетті, деп жазады ZontNews.kz.
«Ешқандай жала мен қысым мені райымнан қайтара алмайды. Мен әділ және ашық сотқа сенемін. Денемде 60-тан астам аңшы мылтығының оқтары бар. Бұл – құжатпен расталған факт», – деді Берденов.
Ол қазіргі таңда ем қабылдап жатқандықтан, сотқа қатыса алмайды. Адвокаттары оның сотқа онлайн қатысуын қарастыруды ұсынды. Өкілінің айтуынша, дәрігерлер оны сот отырысына жіберуге болмайтынын растаған.
Берденов үнсіздігінің себебін де түсіндірді.
«Кейбіреулер менің үнсіздігімді келісім деп қабылдауы мүмкін. Бірақ бұл – қате пікір. Мен тек әділ шешімді күтіп отырмын», – деді ол.
Сот барысында айыпталушы Ернар Жиембай өз әрекетін түсіндірді. Ол Берденовтің әйелі Луиза Алданованың суретіне әлеуметтік желіде пікір жазғанын көріп, бұл отбасылық жанжалға себеп болғанын айтты.
«Алғашында мән бермедім. Бірақ жұбайыммен арамызда жанжал шықты. Сол жағдайдан кейін психологиялық күйзеліске түстім», – деді ол.
Сотта Жиембай Берденовпен қызметтік қатынаста да шиеленіс болғанын мәлімдеді.
«Ол мені кабинетіне шақырып, жұмыстан кетуді сұрады. Кейін сотқа беретінін естідім. Бұл мен үшін ауыр соққы болды», – деді ол.
Айыпталушы шабуыл жасаған күні қымыз ішкенін айтып, мас болмағанын растады. Ол шабуылды алдын ала жоспарламағанын, тек қорқытқысы келгенін айтты.
«Ол кезде өлтіру ниетім болған жоқ. Өзімнің түрмеге отыратынымды білдім. Бірақ бұл қадамға өзім ғана бардым», – деді Жиембай.
Сондай-ақ, ол Берденов өзін Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбаевқа қарсы куәлік етуге мәжбүрлемек болғанын айтты.
2024 жылғы 21 сәуірде Шымкент әкімдігі маңында Руслан Берденовке оқ атылды. Ол ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Айыпталушы – бұрынғы әріптесі Ернар Жиембай – сол күні ұсталды. Қазір оған ҚК 99-бабы («Адам өлтіруге оқталу») бойынша айып тағылып отыр.