Еуропалық одақ «ВТБ Банк (Қазақстан)» ұйымын антиресейлік санкциялар пакеті аясында тізімге енгізді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
ЕО-ның ресми журналында жарияланған құжатта: «Заңды тұлғаның атауы – «ВТБ Банк (Қазақстан)». Күшіне ену күні – 2025 жылдың 2 желтоқсаны» деп көрсетілген.
Құжат түсіндірмесінде 2024 жылдың 25 маусымынан бастап Еуропалық одақ аумағында тіркелген және Ресейден тыс елдерде қызмет ететін ұйымдарға Ресей Орталық банкінің қаржы хабарламалары жүйесіне немесе соған ұқсас төлем және ақпарат алмасу жүйелеріне қосылуға тыйым салынатыны жазылған. Ал 2026 жылдың 25 қаңтарынан бастап бұл шектеу Ресей заңнамасына сәйкес құрылған кез келген ұйым мен қаржы жүйесіне, соның ішінде жедел төлем жүйесі мен «Мир» карталық жүйесіне де қолданылады.
«ВТБ Банк (Қазақстан)» – ресейлік ВТБ қаржы тобының еншілес банкі. Ол Қазақстанда 2008 жылы тіркеліп, 2009 жылдың мамыр айында қызметін бастаған. Банк елімізде екінші деңгейлі қаржы институты ретінде жұмыс істейді және ВТБ халықаралық тобының құрамына кіреді.
Ресейдегі ВТБ және оған тиесілі ұйымдар Украинадағы соғысқа байланысты Батыс елдерінің халықаралық санкцияларына ілінген. Бұл шектеулер қаржы операцияларына, активтердің бұғатталуына және батыс компанияларымен іскерлік қатынастар орнатуға тыйым салуды қамтиды.

