Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновке іздеу жарияланды. Бұл туралы ақпарат Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу порталында жарияланды, деп жазады ZontNews.kz.
Портал дерегінше, іздестіру ісі 29 тамызда Алматы қаласының Алмалы аудандық полиция басқармасында тіркелген. Іздеудегі адамның орналасқан жері туралы мәліметті (727) 254-46-12 нөмірі арқылы хабарлауға болады.
Мақсат Дүйсенов 2018 жылдың тамызынан 2019 жылдың сәуіріне дейін Қазақстанның бас көлік прокуроры қызметін атқарған. Бұған дейін ол Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесі хатшылығының сектор меңгерушісі және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ орталықтандырылған қауіпсіздік қызметінің басшысы қызметтерін атқарған.
Сондай-ақ, 2012 жылдың ақпанында Дүйсенов Алматы қаласы бойынша Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес департаментінің басшысы қызметінен босатылған. Бұған оның қарамағындағы қызметкердің пара алуы себеп болған.